16.06.2015 в 21:43

«Астана Опера» әртістері Миландағы «Экспо-2015» жабылуында өнер көрсетеді

«Астана Опера» балетінің жетекші солисті Әйгерім Бекетаеваны және балет солисті Еркін Рахметоллаевты «Экспо-2015» жабылу салтанатында, аты аңызға айналған итальяндық La Scala театрының сахнасында өнер көрсетуге шақырды. Қазақстандық бишілер қатысатын гала-концерт Миланда 30-31 қазанда өтеді.

 

Әртістер П.И. Чайковскийдің «Аққу көлінің» үшінші актінен па-де-де және «Ұйқыдағы ару» балетінен па-де-де орындайды. – Миландық театрдың сахнасында классикалық номерлер көрсету – біздің театр үшін, жалпы балетіміз үшін үлкен құрмет. Бір жыл бұрын La Scala труппасы бізге гастрольмен келіп кеткен еді. Балеттің көркемдік жетекшісі Махар Вазиев әртістеріміздің «Аққу көлі» балетіне репетиция жасап жатқанын көріп, олардың кәсіби деңгейіне таңдай қағып, «Экспо-2015» жабылуында өнер көрсетуге шақырған, - деп атап өтті балет труппасының директоры Тұрсынбек Нұрқалиев.

Миланда Дүниежүзілік «Экспо» көрмесі 2015 жылдың 1 мамыры мен 31 қазаны аралығында өтетінін айта кетейік. Аталған шара күллі адамзатты толғандыратын тақырып төңірегінде көпшіліктің басын қосады. Биыл көрме сән, дизайн және өнер қаласы Миланда өтіп жатыр, ал La Scala театры оның көрікті жерлерінің бірі. Бұл ғимарат 1776-1778 жылдары сәулетші Джузеппе Пьермаринидің жобасы бойынша Санта-Мария делла Скала шіркеуінің орнына салынып, театрдың атауына осы шіркеу негіз болған.

- Италияның әйгілі театрына мен алғаш рет барғалы отырмын. Атақты әртістермен бірге бір сахнада өнер көрсету – мен үшін үлкен бақыт. Өзімнің серіктесім Еркін Рахметоллаевпен бірге баратыныма қуаныштымын. Бұл бір жағынан ғанибет, екінші жағынан – жауапкершілігі жоғары, неге десеңіз, біз тек театр атынан емес, Қазақстанның атынан өнер көрсетеміз, - дейді Әйгерім Бекетаева.

Әйгерім Бекетаева мен Еркін Рахметоллаев сахнаға шыққанға дейін бес күн бұрын барып, 25 қазанда Италиядағы әріптестерімен репетиция жасайды. Сахнаға әртістер «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино (Италия) әзірлеген костюмдерімен шығады.

Балет труппасының директоры Тұрсынбек Нұрқалиев қазақстандық солисттердің өнері итальяндықтар және осы ұланғайыр шараға жиналатын қонақтар тарапынан үлкен қызығушылық тудыратынына сенім білдірді. – Әртістеріміз үшін бұл сапар, бәрінен бұрын, - үлкен тәжірибе. Олар әртүрлі елдің бишілерін тамашалап, олардың билеу стильдерін, балет мектептерін салыстыруға мүмкіндік алады және бұл оларды кәсіби тұрғыдан шыңдайтыны сөзсіз.

Прочитано 3036 раз

Друзья! У Bestnews.kz нет спонсоров, акционеров, мы всё пытаемся делать на свои деньги. Поддержите нас, пожалуйста, а мы не подведём вас -;)

Оказание помощи посредством платежа банковской картой онлайн

Подпишитесь и получайте новости первыми

А также читайте Bestnews.kz в Яндекс Дзен

Новости партнеров